АСТАНА, 22 қыркүйек — Sputnik. Ресей территориясы арқылы өтетін қазақстандық пойыздар үшін жүргізілетін шекаралық бақылау алынып тасталды, деп хабарлайды Қазақстанның РФ елшілігінің баспасөз қызметі.
ҚР Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов мен РФ сыртқы істер министрінің орынбасары, статс-хатшысы Григорий Карасин Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы өтетін жолаушылардың транзитін жеңілдететін құжатқа қол қойды. Биылғы жылы көктемде екі елдің парламенттерінде тиісті хаттама ратификациялаған болатын.
"26 қыркүйектен бастап, ресейлік Соль-Илецк станциясынан транзитпен өтетін Астана-Орал және Алматы-Орал бағытындағы "Тұлпар-Тальго" жолаушылар пойыздары өз жұмысын бастайды деп күтілуде. Мерзімді жол қатынасы күн ара болады", — делінген хабарламада.