АСТАНА, 22 қыркүйек — Sputnik. Еліміздің басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жауын-шашын болады, күн күркіреп, тұман түседі. Тек батыс, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста ғана ауа райы жауын-шашынсыз. Кей жерлерде республика бойынша жел күшейіп, оңтүстікте шаңды дауыл соғады, деп хабарлайды Қазгидромет.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында кей жерлерде тұман түсіп, желдің күшеюі 15-20 м/с. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, күндіз Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында кей жерлерде желдің күшеюі 15-20 м/с, Қызылорда облысында шаңды дауыл соғады.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында түнде кей жерлерде 3 градус үсік жүреді.
Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарында, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде төтенше өрт қаупі сақталады.