АСТАНА, 21 қыркүйек — Sputnik. Сарапшылар алматылық террорист Руслан Күлекбаевтың діни себептерден теракт жасағанына күмән келтірді, деп хабарлайды "Ақниет" ақпараттық-насихаттаушы және оңалту орталығы" қоғамдық қорының директоры Әлім Шәуметов.
"Біз биыл сәуір айында Руслан Күлекбаевқа барып қайттық. Оны соншалықты дінге берілген деп айта алмаймын, тіпті намаз оқымайды. Дінге қатты сенетін адам деуге келмейді. Оны қылмысқа итермелеген себептер мүлдем бөлек. Иә, бір жерде идеологияны қабылдап, ықпалына түсті. Бірақ оның ұстанымын өзгерту әзірге мүмкін емес. Бес-алты жыл өткен соң, бәлкім, режим әсер ететін шығар, бірақ дәл қазір емес", — деді Шәуметов Астанада БАҚ сұрақтарына жауап беріп.
Еске сала кетсек, 2016 жылы 18 шілдеде еліміздің халық ең тығыз қоныстанған қаласы — Алматыда болған террорлық акт барша жұртты есеңгіретті. Лаңкес Руслан Күлекбаев тоғыз адамды атып өлтірді.