АСТАНА, 21 қыркүйек — Sputnik. Бүгін мұсылмандар үшін жаңа жыл басталды. 1439-шы жылға аяқ бастық. Һижри жыл санауы бойынша Зул-хижжа жылдың соңғы айы болса, Мухаррам айы ең алғашқысы, яғни жылдың басы болып есептеледі, деп жазады muslim.kz.
Милади жыл санауы сияқты мұсылман күнтізбесі (Һижра) бойынша әрбір жыл 12 айдан тұрады. Аспандағы ай он екі рет жаңадан көрінгенде, бір жыл толған болып есептеледі. Әр айдың өз атауы бар. Олар: Мухаррам, Сафар, Рабиғул-әууәл, Рабиғус-сәни, Жумәдәл-улә, Жумәдәл-ахира, Ражәб, Шағбан, Рамазан, Шәууәл, Зул-қағда, Зул-хижжа. Соның ішінде Мухаррам бірінші ай болып есептеледі.
Жаратушы Раббымыз "Тәубә" сүресінің 36-аятында: "Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі ай. Бұлардан төртеуі қасиетті айлар. Міне осы — берік дін. Ендеше, бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер!…Алланың тақуалармен бірге екенін біліңдер!"- деген.
Белгілі ғұлама Хасан Басри және өзге ғалымдар: "Харам айларының ішіндегі ең абзалы — Алланың айы-Мұхаррам " — деген пікір айтқан. Кейінгі ғалымдар да осы ұстанымды дұрыс деп тапқан. Мәселен, Ибн Жәрир: "Алла Тағаланың әрбір һижра жылын харам айымен бастап, соңын харам айымен аяқтауында үлкен мән жатыр. Айлардың ішінде Алла үшін Рамазаннан кейінгі ең қадірлісі — Мұхаррам айы" — деген.
Муслимнің "Сахих" жинағында Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте: "Оразаның Рамазаннан кейінгі абзалы — Алланың айы —Мұхаррам, ал намаздың парыздардан кейінгі абзалы — түнгі намаз" — деп айтылған.