АСТАНА, 16 қыркүйек – Sputnik. АҚШ азаматшасына Қазақстан Республикасының Азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл төлеу міндеттелді, деп хабарлайды Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
Соттың берген мәліметтеріне орай, R. Қазақстан азаматшасы бола тұра, 2016 жылы 9 сәуірде АҚШ азаматтығын алған. Алайда, заңда көрсетілген мерзім ішінде шетелдік азаматтықты алғаны туралы хабар бермеген.
"Сот отырысында азаматша R. өзінің құқықтық ережені бұзғанын толығымен мойындады. Соттың үкімі бойынша құқық бұзушы айыпты деп танылып, әкімшілік жазаға тартылды. Оған әкімшілік жаза ретінде 200 АЕК көлемінде 453 мың 800 теңге сомасындағы айыппұл төлеу белгіленді", — делінеді соттың сайтында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қазақстанда қос азаматтыққа рұқсат берілмейді.