АСТАНА, 14 қыркүйек — Sputnik. ЭКСПО көрмесіне жұмсалған қаражат келушілер мен Астанаға келген туристер есебінен қайтты – бұл туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы баспасөз мәслихатында хабарлаған.
"Бұдан бұрын айтып өткенімдей, Астананың бүкіл қонақ үйлері лық толды, бүкіл мейрамханалар, концерт залдары, дүкендері жақсы қарқын алды. Осы жылдар ішінде Астананың бюджетіне түсетін түсім бірнеше есе артты. Бизнесмендер де өз қаражатын тапты. Мұның бәрі – мемлекет қазынасына", — деді мемлекет басшысы.
Елбасы еске сала кеткендей, 1400 қазақстандық компания құрылысқа ат салысқан.
"Металл, құрылғылар, құрылыс материалдарын жеткізді. Мультипликативтік әсер осы кәсіпорындар арқылы жасалды. Адамдар ақша тапты. Бюджетке де қаражат түсті. ЭКСПО көрмесіне келушілерге салынған 1400 пәтер баспанаға мұқтаж Қазақстан азаматтарына, астаналықтарға сатылады", — деп сөзін аяқтады Назарбаев.