АСТАНА, 7 қыркүйек – Sputnik. Павлодарда екі баланы қағып кеткен жол оқиғасы орын алды. Олардың біреуі оқиға орнында қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Казахстан тілшілеріне Павлодар облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Руслан Оспанов.
Жол апаты, бейсенбі 7 қыркүйек күні сағат 07.43-те Ломов және Катаев көшелерінің қиылысында болған. Екі қыз бала трамвайдың астына түсіп қалады.
2007 жылы туған қыз бала алған жарақаттардың салдарынан оқиға орнында қайтыс болып, 2009 жылы туған қыз бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
"Трамвайдың және 2007 және 2009 жылғы кәмелетке толмаған қыз балалардың қатысуымен болған жол апаты бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Іс бойынша барлық қажетті экспертизалар белгіленді", — деді Оспанов.
Қазіргі уақытта трамвай жүргізушісін уақытша тергеу изоляторына қамау туралы мәселе талқыланып жатыр. Аталған бап бойынша санкция бес жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.