АСТАНА, 4 қыркүйек — Sputnik. "Абу-Даби Плаза" кешенінің жұмысшыларына сенбі күнгі жанжалға айыптылар тиісті жазасын өтейтіні түсіндірілді.
Желіде пайда болған жиналыс видеосында құрылыс жұмысшыларына 2 қыркүйекте болған жайттың анық-қанығы түсіндірілді.
Шетелдік азамат ағылшын тілінде айтып өткендей, екі жұмысшы арасында жанжал туындаған.
"Айыптылар қай ұлт болса да, жобадан аластатылады. Бәріміз де заңға бағынамыз, заңнан биік тұрған ешкім жоқ. Біз қазақ, үнді, араб болып бөлінбейміз – бәріміз "Абу-Даби Плаза" жобасының тобымыз", — деп мәлімдеді ол.
Ер адамның сөзіне жиналған жұрт наразылықпен шуласып, жауап қатты. Жиналғандарды бірнеше рет тыныштандырып, түп мақсаттары құрылыс нысанын аяқтау екені еске салынды.
Жиналысқа келгендердің бірі ұсталған азаматтарды босатуды талап етті.
2 қыркүйек күні кешкісін "Абу-Даби Плаза" құрылыс алаңының бақылау-өткізу бекетінде күзет компаниясы қызметкерлері мен Үндістаннан келген жұмысшылар арасында жанжал туындады. Жаппай төбелес салдарынан бірнеше адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған.
Жаппай төбелестен кейін оқиға орнында қоғамдық тәртіп бұзған 40-тан астам адам полицияға жеткізілді. Олардың сегізі әкімшілік жауапкершілікке тартылған, қалғандары профилактикалық әңгіме жүргізілгеннен соң босатылды.