АСТАНА, 29 тамыз — Sputnik. Президенттің Жарлығымен Ерболат Досаев пен Асқар Жұмағалиев ҚР премьер-министрінің орынбасарлары болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ерболат Досаев 1970 жылы 21 мамырда Алматы қаласында туған. Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін бітірді.
Ол 1998 жылдан бастап ҚР премьер-министрінің кеңесшісі, Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, Қаржы вице-министрі, Қазақстан Даму банкі директорлар кеңесінің төрағасы, Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарған.
2003 жылдан бастап түрлі министрлікті басқарады. Досаев әр жылдары Қаржы министрі, Денсаулық сақтау министрі, Экономикалық даму және сауда министрі, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, Ұлттық экономика министрі болды.
Өткен жылы шыққан жер дауынан кейін Досаев өз еркімен қызметінен кеткен болатын. 16 мамырда ол "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі басқармасының төрағасы болып тағайындалды.
Асқар Жұмағалиев 1972 жылы 2 тамызда Орынбор облысында туған. Свердловтағы Суворов училищесін, Харьков ракета әскерлерінің жоғары командалық-инженерлік училищесін, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін, Швейцариялық федеративтік технологиялар институтын бітірген.
Жұмағалиев әр жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі РЧС жоспарлау секторының меңгерушісі, көліктік бақылау комитетінің бас маманы, бөлім бастығы, байланыс және ақпараттандыру комитеті басқармасының бастығы, төрағасының орынбасары, ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарды.
2006 жылы "Қазақтелеком" АҚ президенті, 2007 жылы басқармасының төрағасы болды.
Ал 2010 жылдың наурызында ҚР байланыс және ақпарат министрі болып тағайындалды.
2015 жылдың 6 мамырынан бүгінгі дейін "ҚазАтомӨнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының төрағасы болып қызмет етті.