АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2017 жылғы 29 тамызда номиналы 100 теңгелік "Игілік монетасы" ("Тасбақа") коллекциялық биколорлы монетасын айналысқа шығарады.
Биколорлы монета бойтұмар-медальон түрінде орындалған. Монетаның жоғарғы бөлігінде алқа немесе бау үшін тесік жасауға болатын ойық орын бар. Монетада тасбақа қабығының пішіні мен түсіндей бейнелі қондырма түрінде тантал пайдаланылады.
Монеталарды дайындаған кезде танталдың түсін өзгерту технологиясы қолданылды. "Игілік монетасы" графикалық композициясының негізіне Қытай мифологиясындағы тасбақа нышанының бірден екі маңызды түсіндірмесі енгізілді. Біріншісі – тасбақа ұзақ өмір, сәттілік және игілік нышаны ретінде. Екіншісі – мықты қорғаныш қасиеті бар Ло Шу сиқырлы шаршысы туралы аңыз. Аңыз бойынша тасбақа денсаулық пен ұзақ өмірдің нышаны болып табылады. Бойтұмардың негізгі құндылығы ол өзі тұрған үйге сәттілік әкеледі, өмірдің деңгейін арттырады, кез келген істер мен туындайтын міндеттерді шешуге көмектеседі. Тасбақаның қабығы тұрақтылық пен сенімділікті білдіреді, сондықтан бұл жануардың бейнесі үй иесіне, отбасындағы басты адамға көмектеседі.
Аңыз бойынша Ло Шу шаршысы біздің заманымызға дейін 2200 жылдай бұрын Ежелгі Қытайда пайда болды, оған сәйкес Ло өзенінен жағаға үлкен тасбақа жорғалап шықты, оның қабығында нүктелерден тұратын сиқырлы өрнек болды, оны анықтап қараған кезде белгілі бір жүйелілікпен орналасқан цифры бар тоғыз сектор анықталды. Бұл ретте 1–9 аралығындағы цифрды сызықтармен жүйелі түрде қосқан кезде ежелгі Қытай сиқырында пайдаланылған "Сатурн планетасының мөрі" нышаны шығады.
Бұл нышан сондай-ақ тоғыз императордың нышаны деп аталады. Ол өте мықты қорғаныш қасиетіне ие және бойтұмар ретінде өз иесін қорғау қабілеті бар деп есептеледі. Кез келген бағыттағы сандарды қалай қоссаңыз да бәрібір 15-ке тең сома шығады. 15 деген сан құдыретті сан болып саналады, себебі ол Қытай күн жылының 24 циклының әрқайсысындағы күндер санына сәйкес келеді. Басқа сөзбен айтсақ, бұл ай циклындағы күндер саны – жаңа Айдан толған Айға дейінгі аралықта. Биколорлы (құрамдас) монетаның пішіні күрделі.
Монетаның бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде ұлттық ою-өрнектің қоршауында монетаның номиналын білдіретін "100 ТЕҢГЕ" деген жазба орналасқан. Жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі және ұлттық ою-өрнектің элементтері бейнеленген.
Айналдыра мемлекеттік тілде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" және ағылшын тілінде "REPUBLIC OF KAZAKHSTAN" деген жазба және екінші жолында ұлттық ою-өрнек элементтері, соғылған жылын білдіретін "2017" деген сан және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін "Ag 925 19,3g Ta 20,0g" деген жазба орналасқан. Монетаның сырт жағында (реверсінде) "Ло Шу сиқырлы шаршының" тоғыз цифрының стильдендірілген бейнесі тасбақа қабығында бейнеленген.