АСТАНА, 28 тамыз — Sputnik. Василий Левит Гамбургте өтіп жатқан бокстан 2017 жылғы әлем чемпионатын жеңіспен бастады, деп хабарлады Қазақстандық бокс федерациясының баспасөз қызметі.
Қазақстандықтың жоғары рейтингі жекпе-жекті 1/8 финалдан бастауға мүмкіндік берді.
Әлем чемпионатының үшінші күні Василий Левит алғашқы жекпе-жекте бразилиялық Жуан Гонсалвешты жеңді. Олимпиада күміс жүлдегерінің қарсыласының бірінші раундта қабағы жарылды.
"Негізгі міндет – дем алып, барлық үш раунд жұмыс істеп, рингті сезіну болатын. Одан әрі дайындалатын боламыз. Алдымызда мені одан да ауыр жекпе-жектер күтеді", — деп атап өтті Левит.
Василий Левит 29 тамыз күні өтетін ширек финалда австралиялық Джейсон Уотелимен кездеседі.
Левиттен бөлек Әлем чемпионатындағы жекпе-жектерін сондай-ақ Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін), Жомарт Ержан (49 келі) мен Қайрат Ералиев (56 келі) өткізген болатын. Қарсыластарынан басым түскен олар, ширек финалға жолдама алды.
29 тамызда Жомарт ресейлік Василий Егоровпен, Қайрат неміс Омар Эль-Хагпен, Әбілхан кубалық Арлен Лопеспен жекпе-жекке шығады.