АСТАНА, 24 тамыз – Sputnik. Шымкент – Шаян тас жолында екі көліктің соқтығысуынан бес адам – бір көліктің ішінде болған жолаушылар мен оның жүргізушісі қаза болды, деп хабарлайды ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
23 тамыз сағат кешкі 20:00 шамасында Бәйдібек ауданындағы тас жолда Audi мен Mercedes-Benz соқтығысқан. Алған жарақаттардан бес адам қаза тапты: Audi көлігінде отырған төрт адам, оның ішінде бес және бір жасар бала бар, кейін ауруханада осы көліктің 44 жастағы жүргізушісі көз жұмды.
Audi көлігінің тағы төрт жолаушысы - алты және жеті жасар екі бала мен екі ересек адам, сондай-ақ 52 жастағы Mercedes жүргізушісі түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілді. Олардың барлығы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының тұрғындары.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.