АСТАНА, 23 тамыз – Sputnik. Талғардағы банкке жасалған қарақшылық шабуылды тергеуге септігін тигізер ақпарат бергені үшін Kaspi bank қомақты сыйақы төлеуге уәде берді. Бұл туралы Kaspi Bank ұжымдық коммуникациялар департаментінің директоры Маржан Елшібаева Sputnik Қазақстанға айтты.
"Мәлімет бергені үшін сыйақы – 5 миллион теңге", — деді ол.
Қылмыс туралы ақпарат беру үшін банктің қауіпсіздік қызметі нөміріне хабарласуға болады +7 747 388 29 34.
Елшібаеваның айтуынша, желіде тарап кеткен банктен ұрланған қаражат сомасы туралы мәлімет жалған.
"Қазір интернетте тарап кеткен сома туралы нақты айта алмаймын. Ол шындыққа жанаспайды. Шын мәнісінде, БАҚ-да көрсетілгеннен аз, дегенмен 60 миллион теңгеден кем емес. Нақты соманы, тергеу ісіне кедергі келтірмес үшін, айта алмаймын", — деді ол.