АСТАНА, 22 тамыз — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің табиғаты мен киелі жерлері туралы айтып берді.
Бұдан бұрын Назарбаев Ақмола облысының Бурабай кентінде "Хабар" телеарнасына сұхбат берді.
"Мен дүниедегі адамдар демалатын жерлерді көріп шыққан адаммын. Келе жатқан ұрпаққа да, замандастарыма да айта аламын. Мен қазір ешқайда барғым келмейді демалысқа. Қазір Бурабайда отырмыз, мұндай керемет жерді еш жерде көрмейсің осы күні. Табиғаты сақталған, әдемі, жердің жәннаты сияқты. Көлі де бар, тауы да бар, суы да бар. Дәл осылай Шығыс Қазақстанға барсаң, адамның аяғы баспаған. Ертістің суының сексен пайызы өзіміздің өзендерден құрылатынын әркім біле бермейді. Сол өзендердің барлығы сарқырап, Ертіске құйылып жатыр, әр өзеннің барлығы керемет, Алатаудың баурайы өз алдына", — деді Назарбаев.
Ол Қазақстанда да өзге елдер секілді өз киелі жерлері бар екенін атап өтті.
"Киелі жер деген қазақтың өзінің білетін жерлері, есінде сақтап, екінші сол тұратын ауданның, облыстың жерлері, үшінші, дүние жүзіне белгілі нысандар. Енді осыған келейік, біздің есімізге ә дегенде не түседі? Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі түседі. Арыстан баб түседі. Аңыз тұлғалар есімізге түседі. Батыс Қазақстанды айтсақ, мұражай сияқты болып жатқан даласы есімізге түседі. Атырауды айтсақ, баяғы Алтын Орданың Жайықтың бойында жатқан хандары есімізге түседі. Орталық Қазақстанды айтсақ, "Ұлытау", қазақтың хандары жиналған жері. Шығысқа барсақ, сақ заманынан бергі қазба құндылықтары дүние жүзіне белгілі болып келе жатыр. Оңтүстікке барсақ, алтын адамның шыққан жерлері", — деп жалғастырды ол.