АСТАНА, 21 тамыз — Sputnik. Әйелдер арасындағы алғашқы қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шәріпованың менеджері Сергей Завилейский WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Ева Вальстромның Фирузамен жекпе-жектен бас тартуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Головкин мен "Канело" арасында болған жағдай қайталануы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бірінші кезекте, Фирузаның қарсыласы Ева Вальстромның болғанын қаладық. Оған ұсыныс жасалды, ол өте қымбат спортшы. Біз ұсынған гонорарды оның өмірінде ешқашан алмағанын мен білемін. Бірақ Фирузаның жекпе-жектерін зерттей келе, ол Қазақстанға келуден бас тартты. Әзірге бізден қашып жүр. Бірақ бізден көп қаша алмайды", — дейді Завилейский Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, алдағы уақытта бір-екі жекпе-жектен кейін Шәріпова WBC Silver атағын алып, Еваның титулының міндетті үміткері болады. Осыдан кейін Ева таңдау жасауы керек — не Фирузамен жекпе-жекке келіседі, не болмаса титулдан бас тартады.
"Егер олар бас тартса, "Канело" мен Головкин арасында болған жағдай қайталанады. WBC титулы Қазақстан өкіліне жекпе-жексіз беріледі. Біздің басты мақсатымыз – WBC титулы. Біз барлық титулды алғымыз келеді және бұл салмақта ғана емес. Фирузаның келесі кездесуі басқа салмақ дәрежесінде өтетін шығар. Келесі жекпе-жек қазан айының соңы-қараша айының басында немесе желтоқсан айында өтуі мүмкін. Мен Фирузаның биылғы жылы екі салмақта әлем чемпионы болатынына сенімдімін", — деді ол.
Сергей Завилейский атап өткендей, Ева Вальстром өз елі Финляндияда ғана титулдық жекпе-жектер өткізген. Бұл ретте, оның пікірінше, Шәріпова-Вальстром жекпе-жегі Финляндияда өтсе, әділ төрешілік болмайды.
Еске сала кетсек, өткен жылдың мамыр айында Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) тұжырымы бойынша ерлер арасында орта салмақтағы әлем чемпионы титулына қатысты осындай жағдай туындаған болатын. Бүкіләлемдік кеңес мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альваресті бұл атаққа міндетті үміткер Геннадий Головкинмен жекпе-жекте белбеуін қорғауды міндеттеген еді. 2016 жылы мамырда Канело кеңес белгілеген мерзімде Головкинмен кездесуден бас тартты. Осыдан кейін титул автоматты түрде қазақстандық боксшыға берілді, ал Канело содан бері WBC титулдары үшін жекпе-жектен үзілді-кесілді бас тартып отыр.
Айта кетсек, 26 тамызда Фируза Шәріпова болгариялық боксшы Милена Колевамен жұдырықтасады. 22 жастағы қазақстандық боксшы қыз Халықаралық әйелдер боксының қауымдастығы (WIBA) және Бүкіләлемдік бокс одағының (WBU) жеңіл салмақтағы чемпиондығы үшін таласатын болады. Бұл кездесу бокс кешіндегі басты оқиға болмақ.
Бокс кеші EXPO-2017 аумағында амфитеатрда өтеді. Бокс сүйер қауым көрме билеттері арқылы кіріп, қазақстандық боксшы қыздың чемпиондық үшін жекпе-жегін тамашалай алады. Сондай-ақ бокс кеші отандық спорт телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.