АСТАНА, 18 авг – Sputnik. Үкімет төлқұжатында қазақстандық виза қойылған шетелдіктер үшін көші-қон карталарын алып тастау туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды "Ақ жол" партиясының баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, маусым айының соңында партия Қазақстанға келетін шетелдік инвесторлар мен мамандар үшін бюрокартияны қысқартуды ұсынған болатын. Қолданыстағы ережелер инвестициялық жобалар мен жаңа кәсіпорындарды іске қосқан кезде кедергі болып отырғанын айтқан еді депутаттар.
Виза бола тұра шетелдіктерді көші-қон ережесін бұзғаны үшін жазалаған мысалдар бар. Құжаттарды рәсімдеу бойынша ұзақ процестерден кейін шетеодік мамандар келешекте Қазақстанға оралғысы келмейді, деп атап өтті партиядағылар.
"Дамыған елдердің халықаралық тәжірибесін ескере келе, Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат беретін виза болған жағдайда көші-қон карталарын толтыруды алып тастау туралы ұсынысты қолдаймыз", — деп жазылған Үкімет басшысының "Ақ жолға" берген жауабында.