АСТАНА, 16 тамыз — Sputnik, Айымгүл Әбіл. "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада тамыздың 20 мен 28 аралығында көкпардан әлем чемпионаты өтеді. Чемпионатқа 12 елден 200 спортшы қатыспақ. Көкпар тартуға ниет танытқандар ішінде америкалық ковбойлар да бар. Олар бір-екі бұрын Астанаға келіп, жарысқа дайындыққа кірісіп кетті.
"АҚШ-тың Вайоминг шататында көкпар командасы құрылып, кәдімгідей көкпар ойыны өтіп жатқаны туралы ақпарат жеткен кезде қатты қуандық. Қашаннан жаңалыққа құмар, алда жүретін АҚШ көкпарға кірісетін болса, ойынның бағы жанғанына еш күмән жоқ. Чемпионат өтер алдында АҚШ елшісіне арнайы шығып, америкалық команданы шақырдық", — дейді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан.
Оның айтуынша, көкпар тек қазақтың ойыны деп қарамай, мұхиттың ар жағынан келген көкпаршыларды қабылдауға дайынбыз.
"Көкпар тек қана қазақтікі деп айтпаймыз, бұл қазақтың көкпары, бірақ тәжігіңіз де, өзбегіңіз де, ауғаныңыз да, көршілес елдердің біразына ортақ ұлттық ойын. Қазақта бір шалдың он баласы болса, оның біреуі менің ғана әкем деп айтқанды ақымақ бала деп айтады. Ол бәріміздің әкеміз. Сіздер он бірінші бала болып келіп жатсаңыздар, қош келдіңіздер деп айтамыз", — деді Тілеухан америкалық ковбойларға қарата.
Өз кезегінде АҚШ командасының капитаны Крид Гарник "кенже бала ретінде қабылдаған" қазақтарға алғысын жеткізді. Оның айтуынша, америкалық ковбойлардың көкпар ұлттық ойын болып табылатын елдердің ойыншыларынан үйренері өте көп.
"Үлкен ағаларымыз бізге ағалық танытып, жақсы қарайды деген ойдамыз. Олар біз үшін үлгі болып, бізді үйретеді. Сондықтан біз осындай әдемі ұлттық ойынға қатысатынымзға қуаныштымыз. Бұл жарыс аттарды жақсы көретін, сыйлайтын жерде өтейін деп отыр. Менің ойымша, тартысты ойын болады. Біздің ковбойлар үшін басқа ойында өз шеберлігін шыңдау үшін таптырмас мүмкіндік. Көкпар біз үшін ортақ тіл – достық және сүйіспеншілік тіліне айналады деген ойдамыз", — деді Крид Гарник.
Бұған дейін Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол америкалық спортшылар жарысқа өз аттарын әкелмейтінін, өйткені оларды Қазақстанда жеп қояды деп қорқатынын айтқан еді. Осы әңгімені естіген команда капитаны күліп алды.
"Біздің жылқылардың еті тәтті екеніне менің күмәнім жоқ, — деп әзілдеді Гарник. — Жергілікті аттарға үйрену үшін біздің уақытымыз аз болды. Біздің аттар мүлдем басқаша үйретілген. Родеоға қатысатын жылқыларда ондай машықтар болуы мүмкін. Оларды әкелгеннің өзінде көкпарға қосатын аттардың деңгейінде ойынға қатыса алмайды. Сіздердің жылқыларыңыз біздің белгілерді түсінбейді. Бұл біз үшін тағы бір кедергі, оны да біз еңсеруіміз қажет. Көкпарға икемділік сіздердің қандарыңызда бар, ал біз енді меңгеріп жатырмыз", — деп әңгімеледі америкалық ковбой.
Сондай-ақ, ол қазақтардың қонақжай екенін, америкалықтардың күнде қымыз бен жылқы етін жеп жүргенін де жасырмады.
АҚШ командасындағы ойыншылардың барлығы дерлік Вайоминг шататынан келген, тек біреуі ғана Нью-Йорктен екен. Олардың жасы — 27-37 аралығында. Ойыншылардың жартысы өткен жылы Қырғызстанда өткен бүкіләлемдік көшпенділер ойындарына қатысқан.
"Біздің мақсат жеңу емес. Біз өз күшімізді нақты бағалай аламыз. Біздің Қазақстанға келуіміз біздің жылқыға қатысты мәдениетімізде ортақ дүниелер көп екенін көрсетеді. Сондықтан сіздердің мәдениеттеріңізге деген қызығушылығымзды, сыйластығымызды көрсету үшін келдік", — деп атап өтті команда мүшесі Николас Бэк.
Айта кетерлік жайт, көкпардың ережесіне өзгерістер енгізіліп отыр. Бекболат Тілеуханның айтуынша, ұлттық ойынды дамыту үшін, әлемдік деңгейге шығару үшін оның ережелерін жеңілдету керек.
"ЭКСПО аясында әлем чемпионатын өткізетін болған кезде өз ішіміде ақылдасып, шетелдік әріптестермен талқылай келе, көкпардың ережелерін жеңілдету мәселесін қарастырдық. Қазір енді өзгерттік. Осы уақытқа дейін қазандық қойылатын, сол қазандыққа шабатын. Көкпар даму үшін оны барынша жеңілдету керек, бұған Вайоминг шататында ойнап жүрген америкалық әріптестер себеп болды. Өйткені ойын кезінде жарақат алу қаупі үлкен, қазанға соғылып жатады. Кейінгі ойындарды қарап отырсақ, құр серкені тастамайды, ылғи ішіне көкпаршы бірге түсіп жатты. Ал америкалықтар кез келген нәрсені өздеріне ыңғайлап алады. Баяғыда қазақ шапанға шапқан, шапанды тастайды, сосын үстіне тастайды. Сол сияқты америкалықтар шеңберге шауып жатыр екен. Ковбойлардың көрсеткен үлгісін қарай отырып, тәжік, өзбек көкпаршылары шеңберге шапсақ қалай болады деп айтты. Солай істеген дұрыс болады деп қабылдадық", — деді Тілеухан.
Қазандыққа шабатын ережені қазақтар мен қырғыздар 1996 жылы қабылдаған екен. Бірақ қазақ пен қырғыздан басқа ешкім бұл ережемен ойнай алған жоқ. Сондықтан оны барынша қарапайым ету шешілген. Әрі көкпардың философиясы да осыған саяды.
"Көкпардың философиясы бойынша, көкпар ол олжа. Ортаға тастаған соң сенің қазаныңа саламын деп айтудың өзі ойынның философиясына қайшы. Адам ортаға тастаған олжаны өзінің ауылына қарай тартады ғой. Сол сияқты ортаға серкені тастаған кезде оны қақпаға емес, өзінің шеңберіне тарту керек" деп біздің үлкен ғалымдар айтты. Бұрынғыдан пәлендай айырмашылық жоқ, бірақ бағыты өзгерді", — деп түсіндірді ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы.
Әрі бұл жолы әдеттегідей серке тартылмайды. Көкпаршылар резеңке муляжға таласатын болады.
Жалпы, көкпардан әлем чемпионатына 12 елден 200 спортшы қатыспақ. Жеребе нәтижесі бойынша Қырғызстан, Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Моңғолия және Тәжікстан мемлекеттері сайыстың "А" тобында, ал "В" тобының тізімінде Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Венгрия, Қытай және Ауғанстан мемлекеттері жарысқа түседі.