АСТАНА, 14 тамыз – Sputnik. Жолаушының құлауына себепкер болған автобус жүргізушісіне қатысты тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды Астана ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Полиция мәліметіне сүйенсек, 9 тамызда, 19.10-да №31 автобустың 40 жастағы жүргізушісі қозғалыстың қауіпсіздігіне көз жеткізіп алмастан, Абылайхан даңғылындағы "Ұлттық ғылыми медициналық орталық" аялдамасында жолаушыларды түсіру-отырғызу кезінде, есіктердің ашық күйінде жүріп кетіп, салдарынан автобусқа кіреберістегі баспалдақта тұрған жолаушы құлап кеткен.
Оқиға салдарынан 16 жастағы қыз әртүрлі жарақат алып, қалалық ауруханаға жеткізілді.
Полицияның тергеу басқармасы ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне байланысты тергеу ісін бастап кетті.
Жүргізуші бұдан бұрын бірнеше рет жол ережесін бұзған екен. Енді ол 300 АЕК айыппұл төлеп немесе сондай мөлшерде түзету жұмысына салынады, болмаса 240 сағат қоғамдық жұмысқа жұмылдырылуы, 75 күнге қамауға алынып, белгілі бір лауызымды немесе белгілі бір қызметпен айналысуына екі жылға тыйым салынуы мүмкін.