АСТАНА, 10 тамыз — Sputnik. Ұрылар бұрынғы Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтің одан бөлек 50 мың еуросы мен құны 150 мың доллар тұратын бағалы сағатын да қолды қылған екен. Көп ұзамай күдікті де ұсталыпты. Бірақ, ұрлыққа еш қатысым жоқ деген ол енді өзінің кінәсіз екенін сотта дәлелдей алмай әлек, деп хабарлайды КТК.
Бұрынғы Туризм және спорт министрі, Астана қаласының әкімі, Президент істері басқармасының басшысы, Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты. Темірхан Досмұхамбетовтің осыған дейінгі атқарған қызметтерін тізіп айтса таусылмас. Ал бүгінде белгілі кәсіпкер. Биыл дәл Наурыз мейрамында экс-шенеуніктің үйінен ірі көлемде ақша ұрланыпты. Бұл туралы құзырлы орындардың құжаты былай дейді.
"Белгісіз тұлғалар өзгенің мүлкіне қол сұғарын біле тұра, заңсыз жолмен ғимаратқа кіріп, бөлмеде орналасқан металл сейфті бұзып, сол жерден Досмұхамбетов Темірхан Мыңайдарұлына тиесілі ірі көлемдегі ақшаны ұрлап, сол арқылы айтарлықтай мүліктік зиян келтірген".
Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір адам қамауда отыр. Алайда, адвокаты оның ешқандай ұрлық жасамағанын айтады. Өйткені, іс бойынша ұрлыққа куә болған адам жоқ.
"Ол кісі үйде болған. Ол кісінің әйелі үйде болған. Ол түнгі уақытта үйде ұйықтаған. Үйден шықпаған", — дейді адвокат Әлімжан Оралбай.