АСТАНА, 10 тамыз — Sputnik. Алматы облысында алаяқ слесарьдің әрекетіне ондаған отбасы зардап шекті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бесағаш кентінде екі жыл бойы кәріз салып, үш ай бұрын оған қосылуға рұқсат берді. Кенттің отыз отбасы септикті кәрізге ауыстырған. Бір айдан кейін оларға айыппұл салды.
"Міне 126 мың теңгеге квитанция. Қандай негізде олар маған осындай соманы шығарып берді? Мен жалғыз тұрамын! Егер мен осы айыппұлды төлемесем ауызсудан кесіп тастаймыз деп боспалап отыр", — деді кент тұрғыны Мухамед Керимов.
Айыппұлдар отбасыларға кәріз желісіне заңсыз қосылғандары үшін салынған, алайда тұрғындар барлығын нұсқаулыққа сай жасағандарын алға тартып отыр. Барлық жұмысқа су арнасының жұмысшысы жетекшілік еткен.
"Біз қосыла бергенде, бізге өз инженерлерін әкеліп, міне кәрізге жауап береді деді. Мен өзім Сапарбаев Қазыбекке 15 мың теңге, техпаспорт, жеке куәлігім мен үй қағазының көшірмесін бердім", — деп түсіндірді тұрғын Магилан Мұсаев.
Кәрізге қосылу үшін әр отбасы 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін төлеген, бірақ ақшаны су арнасы алмаған.
Су арнасының жұмысшысы таратқан құжаттың ешқандай күші жоқ. Бұл туралы тұрғындар неліктен кәріз пайдалану үшін квитанцияның келмей жатқанын білуге барғанда анықтаған.