АСТАНА, 9 тамыз — Sputnik. Түменнен Астанаға ЭКСПО-ны көру үшін арнайы келген Елена Михайлова Астананың бас символы "Бәйтерек" монументінің 150 мыңыншы қонағы атанды.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, 3 күн бұрын Астанаға отбасымен бірге серуендеп келген әйел осы уақытта елорданың көрікті жерлерін аралып қана қоймай, ЭКСПО көрмесін де тамашалаған.
"Астанаға бұрыннан-ақ келгіміз келген еді. Енді міне сәті түсті. Мен өзім сәулетші болғандықтан бас шаһардың ерекше сәулеті мені таңқалдырды. Көшелеріңіз кең әрі таза, ғимараттар болса қандай әдемі, ЭКСПО көрмесінен алған әсеріміз тіптен керемет", – дейді Елена Михайлова.
"Астана Конвеншн Бюро" ЖШС директоры ресейлік мейманды құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті.
Естеріңізге сала кетейік, "Бәйтерек" монументі күрделі жөндеуден кейін 17 маусымда қайта ашылған болатын. Елорданың жаңартылған символы тек қазақстандықтардың ғана емес, сондай-ақ туристердің де қызықтап баратын жеріне айналды.