АСТАНА, 9 тамыз — Sputnik. Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері жөніндегі кеңес өтті, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә. Жақсыбеков, Жоғарғы сот төрағасы Қ. Мәми, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, Бас прокурор Ж.Асанов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Мәсімов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Әділет министрі М.Бекетаев, Қаржы министрі Б.Сұлтанов қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын іске асыру аясында заңның үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударып, осы бағытта дайындық жұмыстарын сапалы жүргізу қажеттігін айтты.
"Біз бүгін қылмыстық қудалау жүйесін жаңғыртудың базалық бағыттарын жетілдіру жөніндегі мәселені қарастырып отырмыз. Солардың қатарында, қылмыс процесінде азаматтарды қорғау деңгейін арттыру, тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру, қылмыс процесіндегі жарыспалылық, сотқа дейінгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейту, қылмыстық қудалау, прокуратура және сот органдары арасындағы өкілеттіктердің қайталануын болдырмау және оларды нақты бөлу", – деді Елбасы.
Соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.