АСТАНА, 9 тамыз — Sputnik. Қытайдың Сычуань провинциясындағы жойқын жер сілкінісінің құрбаны 12 адам болды, зардап шеккендер саны 175-ке жетті, деп хабарлайды РИА Новости жергілікті БАҚ-на сілтеме жасап.
28 адам ауыр хәлде жатыр. Іздеу-құтқару операцияларына құтқарушылар мен дәрігерлер ғана емес, ҚХР қарулы полициясының 1300-ден астам қызметкері ат салысуда.
Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша 21.19-да (Астана уақыты бойынша 19.19-да) Нгава-Тибет-Цян автономды округының Цзючжайгоу уезінде болған. Содан кейін 100-ден астам афтершок тіркелді.
Жойқын жерасты дүмпуі салдарынан Цзючжайгоу ұлттық паркіндегі "Тяньтан" қонақ үйі қирады, онда 2 мың турист тұрып жатқан. Ғимараттан 500 адам қауіпсіз жерге шығарылды.
Жер сілкінісінің күші Қазақстанда да сезілді: елорда уақыты бойынша 05.28-де жер сілкінісі тіркелген. Эпицентрі Алматыдан Қытай аумағына қарай 485 километр жерде болған. Жерасты дүмпулерін Алматы, Талдықорған, Жаркент, Қарағанды және Өскемен тұрғындары сезді.