АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik.Тараз полициясы аспанға оқ атқан той кортежіне қатысушы бірнеше адамды ұстады.
Той кортежінің екі қатысушысы аспанға бірнеше рет оқ атып, қылмыс орнынан Toyota Camry 50 көлігіне отырып кетіп қалады. Болған оқиға "Тектұрмас" көпіріндегі бақылау камерасына түсіп қалған.
Жол-патрулдік полиция қызметкерлеріне бағыттама беріліп, оқиға орнына жедел тергеу тобы аттанады.
Екі тұлға анықталып, ұсталды. Олардың бірі 20 жаста, екіншісі 19-да. Екеуі де Тараз қаласының тұрғындары.
Сол күні 20 жастағы тәртіп бұзушының мекенжайы тінтіліп, "CZ-858" автоматы табылған. Қару әкесінің атына тіркелген екен.
Тергеу барысында күдіктілер жасаған қылмысын мойындады. Қазір Тараз қаласы уақытша ұстау изоляторында отыр. Сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізілуде.