АСТАНА, 3 тамыз — Sputnik. Мұсылман қауымы үшін бес парыздың бірі, қажылық сапарға шығатын кезең жақындап келеді. Мұсылмандар діни басқармасы Сауд Арабиясының қажылық жөніндегі министрлігімен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде биыл қазақстандықтарға 2500 қажылық жолдамасы берілді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтты, деп хабарлайды ortcom.kz.
"Қажылық туристік емес, діни сауабы мол сапар. Сондықтан да оған үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Министрлік өз тарапынан қажылық сапарға шығатын қауымға қолдау көрсетуге дайын. Сонымен қатар, биыл мұсылмандарды қажылыққа апарып әкелетін қазақстандық «Scat Airlines» әуе компаниясымен келісімшарт жасадық,- деді Нұрлан Ермекбаев.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша қажылық кезінде адамның ауырып немесе төтенше жағдайға тап болатын кездер болуы мүмкін. Осыны ескере келе, қажылық құрамына Діни басқармадан дәрігер, имамдар мен дінтанушылар да жіберіледі.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде діни туризмді дұрыс жоспарлау мен өткізудің бағыттары қаралуда. Қажылық сапарын ұйымдастыратын турстік компанияларға талап күшейтілмек.
"Біздің қажылық сапарға шыққан мұсылмандарымызға бұрын-соңды диструктивті ағымдардың тарапынан немесе басқа да қауіп-қатер ықпалы әсер етсе, бүгінде ондай қорқыныш жоқ. Сауд Арабиясы мен Қазақстан экстремизм мен радикализмге қарсы бірлесіп күресетін болады", — деді ведомства басшысы.
Бүгінгі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп қажылыққа барушылар үшін әлемнің 8 елінде инфекцияға қарсы вакцина алуға мүмкіндік беретін келісім жасалды. Бұл Сауд Арабиясының қажылық парызын өтеуші мұсылмандарға қойып отырған талабы.