АСТАНА, 1 тамыз — Sputnik. Болжам бойынша, Павлодар облысының тұрғыны Антон Волков ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың жеке блогына мемлекеттік қызметшілердің жат қылықтары туралы жазған. Оның айтуынша, қызметкерлер қару ұстап, ішімдік ішіп түскен суреттерін еш қымсынбай жариялайды екен. Волков олардың әлеуметтік желілеріндегі суреттерге сілтеме жіберіп көрсетіпті.
"Мемлекеттік қызметшілер мейрамханада мол дастархан үстінде ішімдік ішіп отырған, қымбат көлікпен демалыста жүрген, қызметтік қарумен түскен суреттерін еш қысылмай жариялайтынын айтқым келеді", — дейді Антон Волков.
Ер адамның сөзіне сүйенсек, мемлекеттік қызметшілердің этика кодексі нормаларын сақтауы бойынша "Вконтакте" әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізілген.
Оның айтуынша, бұдан бұрын жергілікті шенеуніктерге тойда бөтен адамдармен суретке түспеу туралы ескерту жасалыпты.
"Павлодар облысы этика бойынша уәкілі Юрий Фельдманның сөзіне жүгінсек, бейтаныс адам ҰҚТ немесе радикалды қауымдастықтың мүшесі болуы мүмкін, мұның арты мемлекеттік қызметкер үшін жақсылыққа апармайды. Барлық материалдар сілтемеде көрсетілген", — деп жазады Волков.
Министр өзінің атына жазылған арызға жауап берді.
"Сіздің арызыңыз бойынша Павлодар облысы ІІД қазіргі уақытта қызметтік тергеу жүргізуде. Тексеру нәтижелері туралы сізге ІІД қосымша хабарлайтын болады", — деп жауап берді Қасымов.