АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Жол үстінде көкпар тартысып, біреудің көлігін бүлдірген жігіттер жауапқа тартылады, деп хабарлады Алматы облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Жол үстінде көкпар тартысып жүрген жігіттердің бірінің аты жолай өтіп бара жатқан көліктің үстіне шығып кеткен. Оқиғаның видеосын жәбірленуші қыз әлеуметтік желіге салып, мән-жайды түсіндіріпті. Оның айтуынша, көліктің капоты, бампері мен алдыңғы әйнегі бүлінген.
"Интернеттегі видео зерттелуде. Дерек ресми түрде Қарасай аудандық полициясында тіркелді", — деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Полиция уәде бергендей, оқиғаға қатысы бар барлық адам анықталған соң, тиісті жазасын алады.