АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Шымкентте Бадам өзенінен мылқау бала құтқарылды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Оқиға өткен бейсенбі 27 шілдеде кешкісін болған. Бадам өзені жағасындағы стационарлық полиция постының қызметкерлері адамдардың көмекке шақырған даусын естиді. Оқиға орнына келіп жеткен олар 13-15 жастағы баланың өзенге батып бара жатқанын көрген.
Тәртіп сақшылары баланы құтқаруға бірден ұмтылған. Жергілікті полиция қызметкері, полиция сержанты Ерлан Айтмұхамедов жасөспірімді жағаға алып шығып, алғашқы көмек көрсеткен.
Полицейлер анықтағандай, бала мылқау екен, өзенге аяқ киімін түсіріп, алып шықпақ болады, алайда қатты ағысқа төтеп бере алмай құлап, ағып кете жаздаған.
Полицейлер жасөспірімді Әл-Фараби ауданы полиция бөлімшесіне жеткізіп, кейін үйіне ата-анасына апарып салды.