АСТАНА, 26 шілде – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бұрынғы басқарма төрағасы Руслан Ерденаевты қамауға алу мерзімі тамыз айының соңына дейін ұзартылды, деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
"Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының қаулысымен күдікті тұлғалар — "БЖЗҚ" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Р. Ерденаев, "БЖЗҚ" АҚ тәуекелдерді басқару департаменті қаржы тәуекелдері басқармасының бұрынғы басшысы М. Бақытов, "Алатау Мұнай Алтын" АҚ қадағалау кеңесінің төрағасы Б. Кенжебаев, "Бузгул Аурум" ЖШС директоры А. Найзағаринге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы сегіз айға, яғни 2017 жылғы 28 тамызға дейін ұзартылды", — деп хабарлады сот.
Сотқа дейінгі тергеу органдары тарапынан аталған тұлғалар жеке меншікке қарсы қасақана ауыр қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікке ілінген. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-пункті (сеніп тапсырылған біреудің меншігін иемдену және ысырап ету) бойынша айыпталған.