АСТАНА, 26 шілде – Sputnik. Алматыда Рысқұлов және Шәріпов көшелері қиылысында ірі жол апаты орын алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға куәгерлердің сөзіне сүйенсек, Toyota Ipsum Шәріпов көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, бағдаршам жасыл жанған кезде, Рысқұлов көшесіне қарай солға бұрыла бастайды. Сол кезде Рысқұлов көшесі бойымен батыс бағытта Mercedes көлігі қатты жылдамдықпен келе жатқан.
Неге екені белгісіз, Mercedes қызыл жанып тұрғанына қарамастан, көше қиылысына шығып кетеді де, Toyota көлігін бүйірден бір соғады. Соққы салдарынан Ipsum бірнеше метрге ұшып, қоршауға соғылады. Жол апатынан үш адам қаза тапты — екі Toyota жолаушысы мен Mercedes жүргізушісі. Toyota жүргізушісі бассүйек-ми жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды.