АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Жөндеу жұмыстары Алматы, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды, Семей магистральдық желілерінің өңірлік бөлімшелері қамтылды, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі. Жазғы маусымда 68 шақырым теміржолға күрделі жөндеу жүргізілсе, 47 шақырымға орташа жөндеу жүргізілді. Оның сыртында, ағымдағы жөндеуден кешенді жол машиналарының көмегімен 4,5 мың шақырым жол жөнделді.
Оның ішінде "Duomatic" кешені көмегімен 2100 шақырым жөнделіп, 570 шақырым жол түзетілді. "Atlas" машинасымен 1400 шақырым рельс егеліп тазартылды. 170 шақырым жолдың қиыршығы тазартылды. 200 шақырымның рельс табаны алмастырылды.
"Жазғы маусым – жолшылар үшін күрделі кезең. Бұл кезде жолшылар көп жұмысты атқарып қалуы жоспарланады. Жаздың алғашқы жартысындағы алапат ыстық, жауын-шашынды болса да, еңбеккерлер теміржолды қалыпты ұстауын үзбеуі тиіс. Яғни, теміржол үздіксіз жұмыс істеп, пойыздар белгіленген кестеден еш кешікпеуі тиіс", — дейді "ҚТЖ" ҰК" АҚ Жол және имараттар департаментінің директоры Аманқос Баймағамбетов.
Жазғы маусымда жол жөндеу жұмыстарымен қатар 77 жасанды имараттарды ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда "Көпір отряды-1"компаниясының еңбеккерлері 34 нысандағы жөндеу жұмыстарын аяқтап, үшеуінде жұмыстарын жалғастыруда.
"ҚТЖ" ҰК" АҚ 77 шақырымнан астам жолға орташа жөндеу жүргізуі керек болса, 317 шақырымға күрделі жөндеу жұмыстарын атқаруы көзделген.
Биылғы жылы Компания өңірлердегі жол шаруашылықтарының жөндеу жұмыстарын жетілдіру мақсатында шағын механикалық құралдардың 4,5 мың данасын сатып алды.
Теміржолды жаңғырту жұмыстары пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жолаушылар және жүк пойыздарының жылдамдығын арттыруға бағытталған.