АСТАНА, 25 шілде – Sputnik. Бір миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталып отырған Павлодар облыстық еңбек басқармасының басшысы Ерғали Асқаров сотта процессуалдық мәмілеге келетіні туралы мәлімдеді.
Бұрынғы шенеунік осы жылғы ақпанда ұсталды. Ол кәсіпорын жұмысшысымен орын алған жазатайым оқиғаға қатысты оң қорытынды бергені үшін "Павлодар жеңіл конструкциясы зауыты" ЖШС өкілінен пара алды деген күдікпен ұсталған.
Асқаровқа тағылып отырған баптың санкциясы параның 60 есе көлеміндегі айыппұл немесе үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Прокурормен мәміле жазаны жеңілдетуі тиіс.
Жәбірленуші тарап - "Павлодар жеңіл конструкциясы зауыты" ЖШС бұл мәмілеге қарсы емес.
Жаңа сот отырысы 3 тамызға тағайындалды.