АСТАНА, 21 шілде— Sputnik. Бас прокуратурада құқық қорғау қызметтерінің орталығы ашылды. Орталықта тәжірибелі мамандар азаматтарға құқықтық көмек көрсетеді.
Орталықтың басты мақсаты – азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, құқығын жедел түрде қорғау.
"Құқық қорғау қызметтері орталығының басты мақсат-міндеті Бас прокуратураға шағымданған азаматтардың арызын жылдам, уақытында шешу болып табылады. Орталық қызметкерлері күнделікті азаматтармен жұмыс істейтін болады. Орталыққа бақылау-өткізу пункті арқылы кіруге болады, келген азаматтарға ешқандай рұқсат қағазы керек емес", — деп атап өтті орталықтың жетекшісі Сағатбек Сүлеймен.
Орталықтың жалпы ауданы мың шаршы метрге жуық алаңды қамтып, заманауи инженерлік-техникалық жабдықтармен, электрондық кезек жүйесімен, «Connection Point» өз-өзіне қызмет көрсету секторымен, сондай-ақ күту залы және өзге де қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған.
Орталықта азаматтарға тәжірибелі прокурорлар құқықтық көмек көрсетеді. Азаматтардың арыз-шағымдарын уақытында әрі тиімді шешу үшін бұл жұмысқа өзге де заңгерлер тартылады (адвокаттар, медиаторлар, нотариустар, пробация қызметкерлері және т.б.).