АСТАНА, 21 шілде – Sputnik. Солтүстік Қазақстанда шошқа фермасында 120-дан астам шошқа өртеніп кетті, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 шілде күні сағат 18:39-да Тайынша ауданы Тайынша қаласының №17 өрт сөндіру бөлімшесіне "Мериан" ЖШС директоры хабарласып, аудан орталығынан 14 шақырым қашықтықтағы Новоивановка ауылында шошқа кешені өртеніп жатқанын жеткізген.
"Қоңырау бойынша өрт сөндірушілер бірден аттанып, төтенше оқиға орнында аумағы 3 мың 600 шаршы метр ғимарат лаулап жанып, көк түтінге оранғанын көрген. Өрт туралы хабар кешіктіріліп жеткізілгендіктен, жалын үлкен аумақты алып кетіпті. Өрт салдарынан бастапқы мәлімет бойынша 28 шошқа мен 95 торай қырылды", — деп мәлімет берді Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент.
"Өрт сөндірушілердің біліктілігі мен шапшаңдығының арқасында, шошқа кешенінің басқа ғимараттарын аман алып қалдық, кешен жұмысшылары зардап шеккен жоқ", — деді ведомствоның өрт сөндіруді ұйымдастыру және апаттық құтқару бөлімінің басшысы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Дмитрий Рябенко.
Бастапқы болжам бойынша, өртке қысқаша тұйықталу себеп болған екен.