АСТАНА, 20 шілде – Sputnik. Мемлекеттік қызметкерлердің жаңа жалақы жүйесі үш мемлекеттік органда пилоттық режимде қызмет ете бастайды, ол қызметкерлердің жұмысын бағалайтын болады, деп хабарлады мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова.
Қазіргі жүйе қызметкердің еңбек өтілі мен лауазымын ғана ескереді, ал жаңа жүйе, агенттік төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың айтуынша, қызметкердің мемлекеттік органның өнімді еңбек етуіне қосқан үлесі бойынша жалақы мөлшерін есептейді. Бүгінде сәйкес әдіснама дайын, ол келесі жылы пилоттық режимде сынақтан өткізілмек.
Жаңа жүйе, берілген мәлімет бойынша, екі бөліктен тұрады: тұрақты және ауыспалы. Біріншісі иеленген лауазымға байланысты. Ал, ауыспалысы атқарылған жұмысқа байланысты бонустар беруді қарастырады. Бастапқы жоба бойынша, бонустар жылына бір рет мемлекеттік қызметкердің еңбегін бағалау нәтижесінде төленеді.
"Барлығы төрт санат бар: үздік, өнімді, қанағаттандырарлық және тиімсіз. Бүгінде бонустарды үздік және өнімді еңбек атқарған қызметкерлер иеленеді… Бастапқы есептеулер қолымызда, бірақ әзірше 100% осылай болады деп айта алмаймын. Қазір еңбекақы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдар арасында үлкен айырмашылық бар. Жалақы жүйесін қайта қарау жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің еңбекақысын әжептәуір көтеруге мүмкіндік береді. Бастапқы есептеулер бойынша, жалақы 50%-дан астам мөлшерде артады", — деп хабарлады Шайымова баспасөз мәслихатынан соң.
Жүйе сынақтан өтетін үш орган былай таңдалған: бірінші – мемлекет басшысына есеп беруге тиісті орган, екінші – үкіметке есеп беруге тиісті орган (әділет министрлігі болады деген шешім қабылданған), үшінші – жергілікті атқарушы орган, бастапқы мәлімет бойынша, Алматы облысының әкімдігі.