АСТАНА, 18 шілде — Sputnik. Алакөл демалыс орны маңында шілде айының соңында әуежай ашылады, деп хабарлайды еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
"Достарым, жағымды жаңалықпен бөліскім келіп отыр. 21 шілде күні Алакөлдің жанындағы Үшарал қаласында əуежай ашылатын болды! Бұл, əрине, туристер санының ұлғаюына əкеп соғатыны сөзсіз", — деп жазды министр Facebook парақшасында.
Министрдің сөзіне сүйенсек, логистиканың қиындығына қарамастан мыңдаған қазақстандықтар осы Алакөлге жол тартады.
"Жақында Үкіметіміздің туризм саласын дамыту туралы Концепциямызды қолдауы — ішкі туризмнің жоғары деңгейге көтерілуінің кепілі деп білеміз. Қазақстанның керемет сұлу табиғатын насихаттап, Алакөл сияқты айдынымызды мақтан тұтуымыз керек…", — дейді министр.