АСТАНА, 18 шілде — Sputnik. Биылғы жылы республика бойынша 60 мың жер учаскесіне инженерлік желі тарту жоспарланған. Алғашқы алты айда 23,5 мың жер учаскесінде баспана салуға қажетті инфрақұрылым дайындалған.
"Ең көп жер учаскелері Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында дайындалады. Маңғыстау өңірінде 15 мың учаске, ал Ақтөбе облысы 11 мың жер учаскесімен қамтамасыз етпек. Жалпы, жарты жылдың қорытындысы бойынша жеке тұрғын үй салу үшін 23,5 мың жер учаскесіне желі тартылды", — деп баяндады үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Жалпы, жеке тұрғын үй құрылысын инженерлік желімен қамамасыз етуге 45,5 млрд теңге қарастырылған.
Министр атап өткендей,"Нұрлы жер" бағдарламасының бұл бағыты аясында биылғы жылы төрт облыс орталығында біртекті сәулет үлгісіндегі жеке тұрғын үйлер салу бойынша жұмыс басталып кетті.
"Жалпы аумағы 136 мың шаршы метр болатын 1193 үй салу жоспарланып отыр. Министрлік осындай баспана салу үшін алты типтік жоба әзірлеп, өңірлерге жіберді", — деді министр.