АСТАНА, 18 шілде — Sputnik. Дүйсенбі күні кешке Өскеменде аяқасты соққан дауыл кезінде бес адам зардап шекті.
Алай-түлей соққан жел ағаштарды құлатып, шатырлар мен дуалдарды қиратып кеткен. Аялдамалар мен автокөліктерге зақым келіп, қаланың біраз ауданы жарықсыз қалыпты.
"Қалалық ауруханаға бес зардап шеккен адам түсті. Дәрігерлер қарағаннан соң, олардың екеуі үйіне қайтарылды", — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.
Алдын ала берілген мәліметтер бойынша, дауылдан 35 нысанның шатыры ұшып кеткен. Ұлан, Жарма, Глубокое аудандары мен Өскемен қаласында дауылдың салдарын жою жұмыстары жүргізілуде.