АСТАНА, 14 шілде — Sputnik. Астанадағы "Highvill" элиталық тұрғын үй кешеніндегі өртте қаза тапқандар Назарбаев Университетінің профессоры мен оның отбасы болып шықты.
"Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің профессоры Кенджи Элая (Нигерия) мен оның отбасының (әйелі — Фунми Кехинде (Ұлыбритания) және екі қызы Моджойн Кехинде (18 жас) мен Грейс Кехинде (8 жас) қаза болғанын қайғымен хабарлаймыз", — делінген Назарбаев университеті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Кенджи Элай Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде 2016 жылдың маусымынан бері жұмыс істеген. Ол Ұлыбританиядағы Лестер университетінде медицина докторы дәрежесін алған және Нигерия, Оман, Кувейт және Ұлыбритания елдерінде медицина саласында 40 жылдан аса ғылыми-зерттеу мен мұғалім қызметін атқарған. Осы жылдар бойында ол жеті ғылыми-зерттеу грантының иегері болған.
Элиталық көпқабатты үйде өрт 14 шілде күні таңғы сағат 5-те шықты. Пәтерде жиһаз, тұрмыстық техника мен үйдегі заттар өртенген. Өрт аумағы 65 шаршы метрді құрады.