АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Минск қаласына сапары биыл күз мезгіліне жоспарланған, деп хабарлайды Sputnik Беларусь.
Беларусь президенті әкімшілігінің басшысы Наталья Кочанова ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесуі барысында хабарлағандай, Елбасының Минск қаласына іссапары биыл қарашаның 9-ына жоспарланған. Ол атап өткендей, Беларусь "екі жақты негізде де, интеграциялық форматта да Қазақстанмен байланысты әрі қарай жан-жақты тереңдетуді қолдайды".
Қазақстан президентінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 2017 жылғы қаңтар-сәуір айларында 160,4 млн доллар болғанын және оның 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда шамамен 76%-ға өскенін атап өткен.
Сонымен бірге, сапар аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова елдер мен құрлықтарды біріктіретін ірі мәдени форум – "Славян базары" атты халықаралық өнер фестивалінің ашылуына қатысты.