АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Қылмыстық істі тоқтату және бұдан кейін қолдау көрсету үшін параның қалған сомасын алғаннан кейін Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жанындағы басқарманың бөлім басшысы ұсталды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы.
Ұлттық бюроның ақпаратына сәйкес, Батыс Қазақстан облысында МКД ЭТҚ Қаржылық саладағы құқық бұзушылықтарды тергеу басқармасының заңсыз ұйымдарды тергеу бөлімінің жетекшісі Н.М.Орынәлиев 13 шілде күні жалған кәсіпкерлік бойынша қылмыстық істі тоқтату және ары қарай қолдау көрсету үшін 25 миллион теңге көлемінде параның соңғы бөлігін алу кезінде ұсталды. Параның жалпы көлемі 101 миллион теңге болған.
Күдікті Орал қаласы ІІД-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.