АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Сегіз жасар Игорь Коцкий бірге оқитын құрбысын құтқарамын деп қаза тапты, деп жазады "Алау" жергілікті басылымы.
Қостанай қаласы прокурорының орынбасары Мұрат Оспановтың сөзіне сүйенсек, қыз бала қатты қорқып қалғандықтан, Игорь жайлы ешкімге тіс жармапты.
Кейінірек белгілі болғандай, Игорь сыныптас құрбысымен бірге суға шомылып жүреді, қатты ағыс келгенде екеуі де өзенге бата бастаған. Жеткіншек құрбысын құтқарғанымен, өзі суға кетіп қалған.
"Ол сыныптасын итеріп шығарған. Қыз бұтаққа жармасып, аман қалыпты. Ал Игорьдің өзі суға кеткен. Бала ерлікпен қаза тапты деуге болады", — деп хабарлады Мұрат Оспанов.
Қостанайда баланың жоғалып кеткені туралы хабар 4 шілдеде тараған болатын. Бір апта өткен соң жеткіншектің денесі Тобыл өзені жағасында Корей көпірі маңында табылды.