АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Астаналық мектептердің 5 мың түлегінің орнына жаңа оқу жылында 1-ші сыныпқа шамамен 22 мың оқушы келеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Былтырғы оқу жылы Астананың мектептерінде 9 588 орынға жетіспеушілік байқалған, биыл бұл көрсеткіш 17 мыңды құрауы мүмкін.
"1-ші сыныпқа келетін оқушылардың саны күрт өсуіне (болжам бойынша 22 мың оқушы) және көші-қон мәселесіне (4 500 оқушы) байланысты 2017-2018 оқу жылында болжам бойынша 17 мың орынға жетіспеушілік сезілуі мүмкін", — деді қалалық білім беру басшысының міндетін атқарушы А. Жанғозин.
Оған қоса Астана әкімдігімен мектептер мен бақшаларда орын жетіспеушілігі мәселесі кешенді түрде шешілуде. Осылайша 2017-2018 оқу жылы 2600 орынға шақталған жапсарлас салынған 5 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ елордада жыл сайын кем дегенде 10 жаңа мектеп салынатын болады.
Қазіргі таңда елордада 95 жалпы білім беретін білім ордасы бар, онда 130 542 оқушы білім алады. Онымен бірге балалардың көбісі мемлекеттік мектептерге барады. 84 білім ордасында 127 мыңға жуық оқушы білім алады. 11 жеке мектепте 3 625 оқушы оқиды. Орын жетіспеушілік қаланың 27 мектебінде сақталды (оның 3 мектебінде сабақ үш ауысыммен өткен).