АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Республикамыздың басым бөлігінде алдағы үш тәулікте жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ түсіп, күшті екпінді жел соғады, деп хабарлайды Қазгидромет.
"Қазақстан аумағына арктикалық теңіз жағалауынан салқын және ылғалды ауаның келуі әлі де жалғасуда. Сондықтан, республиканың көптеген облысында өткен тәуліктерде кей жерлерде найзағайлы өткінші жаңбыр жауып, ауа температурасы климаттық нормадан 2-5ºС төмен болды. Тек республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысында ауа температурасы нормадан жоғары, бірақ 40 градус ыстықсыз болды", — дейді "Қазгидромет" РМК инженер-синоптигі Раушан Қалманбаева.
Оның айтуынша, республика аумағында алдағы үш тәулікте солтүстіктен әлі де ауа ағынының келуі жалғасады.
"Соған байланысты Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ түсіп, күшті екпінді жел соғып, ауа температурасы нормадан 3-5ºС төмен болады деп күтілуде", — деді ол.
Астанада алдағы үш күнде ауа температурасы 21 градустан жоғары көтерілмейді. Ал Алматыда күн 30 градусқа дейін ыстық болады.