АСТАНА, 13 шілде — Sputnik. Павлодарда біржарым айлық нәрестесін қараусыз қалдырып кеткен ана жауапқа тартылады, деп хабарлайды қаланың ішкі істер департаменті.
1 Мамыр көшесінің бойындағы көпқабатты үй тұрғындарының бірі көрші пәтерде сәбидің жылап жатқанын естіп, полицияға хабарлаған. Полицейлер пәтерге кіріп, сәбидің үйде жалғыз екенін көрген.
Нәресте облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Кейін баланың 32 жастағы анасы анықталды, ол емшектегі нәрестесін пәтерде қараусыз жалғыз қалдырып, өз шаруаларымен кетіп қалған.
Әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК 127-бабы (Ата-аналық міндетін дұрыс орындамау) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бұдан бөлек, кәмелет жасқа толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында анасының ата-аналық құқығын шектеу мәселесі қаралатын болады. Сол уақытқа дейін ол сәби үйінде болады.