АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. 15 шілде "Бәйтерек" монументінің алдындағы алаңда "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында қазақстандық дизайнерлердің "EXPO FASION FEST" бірінші сән фестивалі өтеді.
Фестиваль аясында сағат 12:00-21:00 аралығында 30-ға жуық қазіргі заманғы қазақстандық дизайнер алаңда орнатылған шоу-румдарда өздерінің киім жиынтықтарын көпшілік назарына ұсынады.
Сағат 16:00-ден 17:00-ге дейін белгілі имиджмейкер Жанна Ахметова стиль бойынша тегін шеберлік сыныбын өткізеді, ал make-up шеберлері мінсіз макияж жасау құпияларымен бөліседі. Визаждан сабаққа сағат 17:00-18:30 аралығында қатысуға болады.
Фестивальдің шарықтау шегі танымал дизайнерлердің ашық аспан астында өтетін сәнді киімдер көрсетілімі болмақ. "EXPO FASHION FEST" шарасына келушілер назарына SAMIDEL, DeGuise, AYANA style, Avventurista, Ainel және Zhamili Kapanova ұлттық брэндтері өздерінің соңғы киім үлгілерін ұсынатын болады. Көрсетілім сағат 19.00-де басталады.
Айта кетейік, сәнді киім көрсетілімінен басқа фестивальді тамашалауға жиналған қауым қазақстандық эстрада артистерінің және би ұжымдарының қатысуымен ойын-сауық бағдарламасын тамашалайды, сондай-ақ, дизайнерлерден сыйлықтар мен жүлделер ұтысына қатысады.