АСТАНА, 10 шілде — Sputnik. "Қазақстан Халық банкі" АҚ және "Қазкоммерцбанк" АҚ банкоматтық желілерді біріктіру үдерісін бастады, деп хабарлайды Қазкоммерцбанк баспасөз қызметі.
10-шілдеден бастап Halyk және Qazkom карталарын ұстаушылар үшін банкоматтан қолма-қол ақша алу кезіндегі қосымша комиссиялардың алынуы тоқтатылады. Енді Halyk және Qazkom клиенттері біріккен банкоматтар желісінде қос банктің кез келген банкоматынан қолма-қол ақша аларда ешқандай айырмашылық көрмейді.
2017 жылғы 1 маусымдағы көрсеткіш бойынша, Халық банкінің банкоматтар желісі 2367 құрылғыны ұсынып отыр, соның ішіндегі 559 банкоматтың cash-in функциясы бар, Қазкоммерцбанктің банкоматтар желісі 2292 құрылғыны құрады, олардың 465-інде қолма-қол ақша қабылдау функциясы жабдықталған. Қазіргі таңда Халық банк 6 млн карта ұстаушыларға қызмет көрсетсе, ал Қазкоммерцбанкте – 2 млн астам, Қазақстанның экономикалық белсенді азаматтарының көпшілігі екі банктің біріктірген банкоматтар желісінің артықшылықтарын пайдалана алады.
Айта кетейік, Қазақстандағы әрбір екінші банкомат Halyk+Qazkom банкоматтар желісі болып табылады.