АСТАНА, 4 шілде — Sputnik. Бүлдіршіндердің аяқ асты басы айналып, жүрегі айнып құлаған. Тәрбиешілер басында олардың ата-аналарын күтіпті. Ал ауруханаға алып барғанда тым кеш болған. Осы оқиғадан кейін талдықорғандық ата-аналардан маза кетті. Көбі ұл-қыздарын үйден ешқайда шығармай отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Қайғылы оқиға Талдықорғандағы нөмірі бірінші балабақшада болды. Құлдыраңдап шауып жүрген құлыншақтардан түс ауа маза кеткен. Бұны тәрбиешілер де байқапты. Бірақ жедел жәрдем шақырмаған. Кешке дейін ата-ананы күтіпті.
"Демалысқа жатқызғаннан кейін сағат екі жарымда температурасы көтеріледі. Маған медбике келіп, температурасы көтерілді деп айтты. Мамасына қайта-қайта звондап едік, телефонына жауап бермеді. Кешке анасы келді. Бәрін айтып едік, нөмірімді ауыстырдым деп кешірім сұрады", - дейді № 1 балабақшаның меңгерушісі Марина Мәмбетова.
Жасы төртке де толмаған ұл баланы анасы да үйге апарып, өзі емдемек болған. Одан жағдай өзгермейді. Ал түнгі үштер шамасында аураханаға жеткізеді. Бірақ жарты сағатта бала шетінеп кеткен. Ауруы асқынып түскен екінші бүлдіршінге дәрігерлер барлық ем-домды жасап жатыр.
"Бұл бала 29 күні қызуы көтеріліп, басы ауырып, жүрегі айнып аурухана түсті. Менингит деген диагноз қойылды. Барлық емді жасап жатырмыз. Қазір жағдайы орташа", — дейді дәрігер Олег Ким.
Алматы облысының орталығындағы мемлекеттік балабақшада болған бұл оқиға талдықорғандық ата-аналарды алаңдатып отыр. Мектепке дейінгі мекемеге бұған дейін 265 бала барып жүрсе, бүгінде оның тек 35-сі қалған. Алайда қалалық білім басқармасы дүрлігуге себеп жоқ деп отыр. Олар бір тәрбиеленушісі қайтыс болып, енді бірі ауруханада жатқан балабақшаға тексеріс жүргізіп, ешқандай кінәрат таппапты.