АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Lufthansa әуекомпаниясының Астана-Франкфурт рейсінің көп сағаттық кешігуі әуе кемесінің техникалық ақаулығынан орын алды, деп хабарлады ҚР ИДМ ресми өкілі Мұрат Жұманбай Facebook-тегі парақшасында.
Оның сөзіне қарағанда, Lufthansa әуе компаниясының Астана — Франкфурт бағыты бойынша LH 649 рейсі 2017 жылдың 3 шілдесі күні 05:05-те ұшуы тиіс болатын.
"Lufthansa әуе компаниясының өкілдерінің хабарлауынша, рейс әуе кемесінің техникалық ақауына байланысты ұшпай қалды. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосалқы бөлшектер мен техниктер 2017 жылдың 3 шілдесі күні 23:00-де LH646 рейсімен жетеді. Осыған байланысты, әуе компаниясы LH 649 рейсін 2017 жылдың 4 шілдесіне, сағат 02:00-ге ауыстыру туралы шешім қабылдады", — деп хабарлады Жұманбай.
Оның атап өтуінше, кешіктірілген рейстің барлық жолаушыларына заңнама талаптарына сәйкес қызмет көрсетілді. Оларға сусындар мен ыстық тағамдар ұсынылды және жолаушылардың бір бөлігі Астана қаласының қонақ үйлеріне орналастырылды.