АСТАНА, 1 шілде — Sputnik. Өзбекстаннан келген келімсек жұмысшылар Алматыда жолаушылар тасымалымен айналысқан, деп хабарлайды қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
"Автобус" жедел-профилактикалық іс-шара жүргізілген төрт күн ішінде Алматы полициясы қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол жүру ережесін бұзуының 700 дерегін анықтаған.
"Арнайы іс-шаралар нәтижесінде 10 автобус айыппұл тұрағына әкелінді, өйткені техникалық жағдайы қолданысқа мүлдем жарамайды екен. Апаттық жағдайдағы автобустарды шығарғандары үшін сегіз автокәсіпорынның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, автобус жүргізушілерінің ішінде бір адам көліктік құралдарды басқаруға құқығынан сот жүзінде айырылған екен. Сонымен бірге, елімізде жұмыс істеу құқығы жоқ төрт Өзбекстан азаматы автобус жүргізушісі қызметін атқарған", — деп хабарлады Алматы ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев.